ПЕДАГОГКЕ АРНАЛҒАН ЖАДЫНАМА

16.10.2026

2–4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалауды ұйымдастыру

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген Үлгілік қағидаларды басшылыққа алу қажет. Бұл ретте 2026 жылғы 16 қыркүйектегі № 257-НҚ бұйрығымен енгізілген өзгерістер ескеріледі.

1. Қалыптастырушы бағалау

  • Әр сабақта жүргізу.
  • Бағалау нысандарын, әдістері мен тәсілдерін өз бетінше анықтау.
  • 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша бағалау.
  • Тоқсан ішінде әр оқу пәні бойынша әрбір оқушыны сабақтардың кемінде 30%-ында бағалауды қамтамасыз ету.
  • Үй тапсырмаларының және сабақ барысында орындалған тапсырмалардың орындалуын ескеру.
  • Балдарды электрондық журналға ағымдағы күннің соңына дейін енгізу.
  • Қажет болған жағдайда электрондық журналға түсініктемелер жазу.
  • Оқушыларға әрі қарай білім алуына бағытталған кері байланыс беру.

Қалыптастырушы бағалау нәтижелерін басып шығару және қағаз түрінде сақтау талап етілмейді.

2. Аралық бағалау (АБ)

  • Оқу материалының белгілі бір көлемін, яғни бағдарлама бөлімін немесе бөлімдерін меңгергеннен кейін жүргізу.
  • Уәкілетті органның әдістемелік ұсынымдарына сәйкес тапсырмаларды өз бетінше әзірлеу.
  • Әр оқу пәні бойынша аралық бағалауды өткізу нысанына қойылатын белгіленген талаптарды сақтау.
  • Нәтижелерді электрондық журналға балл түрінде енгізу.

Аралық бағалау бойынша ең жоғары балл:

Сынып

Ең жоғары балл

2-сынып

12 балл

3-сынып

14 балл

4-сынып

16 балл

Балл қою кезінде тапсырма шарттарының рәсімделуін ескермеу және оқушының тәртібі үшін балын төмендетпеу қажет.

3. Пәндер бойынша аралық бағалауды өткізу нысандары

Тілдік пәндер: тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым дағдыларын бағалау. Қазақ тілі мен орыс тілі пәндері бойынша диктант және оқырмандық сауаттылыққа арналған тапсырмалар; шет тілі бойынша ауызша және жазбаша тапсырмалар орындалады.

Әдебиеттік оқу: мазмұндама, шығарма және оқырмандық сауаттылыққа арналған тапсырмалар.

Математика: математикалық сауаттылыққа арналған тапсырмалары бар бақылау жұмысы.

Жаратылыстану және дүниетану: тоқсанына бір рет ауызша, жазбаша, практикалық, зертханалық, жобалық немесе зерттеу жұмыстары өткізіледі.

Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, музыка және дене шынықтыру: пәннің ерекшеліктерін ескере отырып, тоқсанына бір рет практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке немесе топтық жұмыстар өткізіледі.

4. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқушылар

Бағалау кезінде білім алушының жеке білім алу қажеттіліктерін, оның ішінде жеке оқу бағдарламасын іске асыру ерекшеліктерін ескере отырып, сараланған және (немесе) жеке тапсырмалар әзірлеу қажет.

5. Оқушының аралық бағалауға қатыспауы

Егер оқушы Қағидаларда көзделген объективті себептерге байланысты аралық бағалауға қатыспаса, жеке әзірленген тапсырмалар нұсқасын пайдалана отырып, аралық бағалауды жеке кесте бойынша тапсыруын ұйымдастыру қажет.

Жеке кестені білім беру ұйымының басшысы бекітеді.

6. Нәтижелерді рәсімдеу және сақтау

  • Аралық бағалау нәтижелерін электрондық журналға балл түрінде енгізу.
  • Оқушылар мен ата-аналарды нәтижелер туралы қағаз немесе электрондық форматта хабардар ету.
  • Аралық бағалау бойынша жазбаша жұмыстарды ағымдағы оқу жылының соңына дейін білім беру ұйымында сақтау.
  • Тоқсандық қорытынды бағалау кезінде қалыптастырушы және аралық бағалау нәтижелерін есептеудің белгіленген тәртібін қолдану.

7. Қорытынды бағалау

2–4-сынып оқушыларының тоқсандық және жылдық қорытынды бағалауын қолданыстағы Қағидаларда көзделген формулалар мен балдарды бағаға ауыстыру шкаласына сәйкес жүргізу қажет.

Педагогтің жауапкершілігі: бағалаудың объективтілігін, тапсырмалардың оқу бағдарламасына сәйкестігін және академиялық адалдық қағидаларының сақталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ оқушылар мен ата-аналарды бағалау нәтижелері туралы уақтылы хабардар ету.

Просмотров: 257


Пікір қосу



Деректерді қолтаңбаға қосу