БАСТАУЫШ СЫНЫПТАРДА БАҒАЛАУДЫҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ
16.10.2026
2026–2027 оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасында бастауыш сынып оқушыларының оқу жетістіктерін бағалау тәртібі өзгертілді.
Өзгерістер Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2026 жылғы 16 қыркүйектегі № 257-НҚ бұйрығымен 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 «Білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, аралық және қорытынды аттестаттауды жүргізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына енгізілді. Өзгерістер 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
1–4-сынып оқушыларын бағалаудың ерекшеліктері
Жаңартылған қағидаларға сәйкес бастауыш сынып оқушыларының үлгеріміне ағымдағы бақылау қалыптастырушы, аралық және қорытынды бағалауды қамтиды.
1-сынып
Бірінші сынып оқушыларының оқу жетістіктері бағаланбайды.
2–4-сыныптар
Бағалау үш құрамдас бөліктен тұрады:
- Қалыптастырушы бағалау — оқу мақсаттарына қол жеткізу деңгейін бақылау, кері байланыс беру және алдағы жұмысты жоспарлау мақсатында әр сабақта жүргізіледі.
- Аралық бағалау (АБ) — оқу бағдарламасының белгілі бір бөлімін немесе бөлімдерін оқып аяқтағаннан кейін жүргізіледі.
- Қорытынды бағалау — тоқсан және оқу жылының қорытындысы бойынша жүргізіледі.
Аралық бағалау бойынша ең жоғары балл саны:
- 2-сынып — 12 балл;
- 3-сынып — 14 балл;
- 4-сынып — 16 балл.
Аралық бағалау нәтижелері электрондық журналда балл түрінде тіркеледі. Нәтижелер туралы ақпарат оқушылар мен олардың ата-аналарына қағаз немесе электрондық форматта ұсынылады.
Тапсырмалардың шарттарын рәсімдеу ерекшеліктері балл қою кезінде ескерілмейді. Оқушының тәртібі үшін балл төмендетілмейді.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушылар үшін олардың білім алу қажеттіліктері мен іске асырылатын жеке оқу бағдарламаларын ескере отырып, сараланған және (немесе) жеке тапсырмалар әзірленеді.
Тоқсандық баға қалай қойылады?
Тоқсан бойынша қорытынды бағалау кезінде Қағидаларда белгіленген формулаларға сәйкес қалыптастырушы және аралық бағалау нәтижелері ескеріледі.
Бағалаудың жаңа тәртібі оқу жетістіктерін бағалаудың объективтілігін арттыруға, оқудағы қиындықтарды дер кезінде анықтауға және әрбір балаға қажетті көмек көрсетуге бағытталған.
Нормативтік құжатпен «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде танысуға болады